Яндекс.Метрика

Мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша сұрақтарға келесі телефон номерлері арқылы байланысуға болады

+7(7162)521484, +7(7162)315620

«Достықтың алтын көпірі: Көкшетау – Қаракол»

2026 жылғы 18 қарашада Көкшетау жоғары медициналық колледжі мен Қырғыз Республикасының Қаракөл медициналық колледжі студенттері арасында диалог алаңы форматында халықаралық онлайн-кездесу өтті. Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шара екі колледж арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және кәсіби байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Кездесу барысында біздің колледж студенттері Қырғызстан студенттерін қырғыз тілінде қарсы алды. Бұл әсерлі сәт достықтың, өзара түсіністіктің және ұлттық дәстүрлерге деген құрметтің ерекше атмосферасын қалыптастырды.

Құттықтау сөз сөйлегендер: Көкшетау жоғары медициналық колледжінің ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары З.К. Иткусова және Қаракөл медициналық колледжінің директоры Ж.Ж. Султанов.

Кездесу барысында екі оқу орнының студенттері өз колледждерінің тарихы және дәстүрлерімен танысып, жастар ұйымдарының қызметі, волонтерлік қозғалыс, ғылыми-практикалық конференциялар, байқаулар мен олимпиадаларға қатысу тәжірибелерімен бөлісті. «Мейірімділік пен ерлік» музейінің жетекшісі Р.К. Сапиева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды музейдің бірегей экспонаттарымен және қорындағы құнды жәдігерлерімен таныстырды. Музей жәдігерлері колледж тарихы мен дәстүрлерінен сыр шертті. Көкшетау жоғары медициналық колледжінің жетістіктері мен студенттік өмірі туралы С. Майлобаева, А. Ибыш, А. Кабдуали және Д. Муравицкая баяндады. Көкшетау колледжінің студенттері Қаракөл медициналық колледжінің тарихымен, дәстүрлерімен және Жастар ісі жөніндегі комитетінің қызметімен қызығушылықпен танысты. Әсіресе, болашақ фармацевтердің дәрілік өсімдіктерді өздері өсіріп, кептіріп, гербарий дайындайтын тәжірибелік алқабы туралы ақпарат ерекше қызығушылық тудырды. Бұл тәжірибе теориялық білімнің болашақ кәсіби қызметпен тығыз байланысын айқын көрсетеді.

Кездесудің ерекше сәнін келтірген сәттердің бірі – студенттеріміздің шығармашылық өнер көрсетуі болды. СД-21/9 тобының студенті Д. Жумабек домбырада «Ерке сылқым» күйін орындаса, МС-31/9 тобының студенті А. Дайырбек ұлттық қазақ ойыны «Бес асықпен» таныстырып, оның ережелерін түсіндіріп, ойын барысын көрсетті. Өз кезегінде, Қаракөл колледжінің студенттері ұлттық музыкалық аспапта әсем әуен орындап, кездесудің мазмұнын одан әрі байыта түсті. Екі колледждің студенттері диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойып, жауаптарын мұқият тыңдап, өзара қызығушылық танытты. Кездесу жылы әрі достық атмосферада, мазмұнды және жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар мұндай іс-шаралардың жастардың дүниетанымын кеңейтуде, тәжірибе алмасуда, мәдениетаралық байланысты нығайтуда және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Шын мәнінде, бұл кездесуді Қазақстан мен Қырғызстанның бауырлас медициналық колледждерін біріктірген «Достықтың алтын көпірі» деп атауға болады. Кездесу соңында Көкшетау жоғары медициналық колледжі Қырғызстанның Қаракөл медициналық колледжі студенттерін 2026 жылғы желтоқсан айында өтетін келесі онлайн-кездесуге шақырды. Жүректерді, білім мен дәстүрлерді біріктірген достық болашақ ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады!